Алматы развивает поддержку АПК: субъекты отрасли привлекаются к государственным программам
07 ноября 2015 09:23
Алматы қаласының әкімдігі агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында оларды бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына, оның ішінде «Агробизнес 2020» бағдарламасына тарту жұмыстарын бастады. Бұл туралы Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығына Алматы әкімі Бауыржан Байбектің баспасөз қызметі хабарлады.
«Агробизнес 2020» бағдарламасы қолдаудың үш негізгі бағытын қарастырады. Бірінші бағыт – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық салымдарына жұмсалған шығындарының 30% дейін өтеуді субсидиялау. Осы бағыт бойынша Алматы әкімдігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне республикалық бюджеттен қалаға қаражат бөлу туралы хат жолдады. 2015 жылдың бірінші тоқсанында бұл бағыт бойынша жалпы сомасы 117 млн теңгеге «Цин-Каз» ЖШС, «Алтын Диірмен» ЖШС және «Чапаево» ШҚ-дан үш өтінім келіп түскен.
Екінші бағыт – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандыру аясында субсидиялау. Бүгінгі таңда осы бағыт бойынша АӨК субъектілерін тарту жұмыстары басталды. Алматы қаласына республикалық бюджеттен 9,3 млн теңге бөлінді.
Үшінші бағыт – ұлттық валютадағы кредиттер бойынша 7%, ал шетел валютасындағы кредиттер бойынша 5% мөлшерінде, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл бағыт бойынша АӨК субъектілерінен өтінімдер түскен жоқ.
Агроөнеркәсіптік секторды дамыту және азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындардың қызметіне мониторинг ұйымдастырылды. 2015 жылдың 1 қазанына дейінгі жағдай бойынша Алматы қаласында 191 қайта өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде: ірі – 13, орта – 10, шағын – 168 субъект. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 15 мың адамнан асады.
Ресми деректерге сәйкес, бұл сала кәсіпорындары 81,2 млрд теңге сомасына өнім өндірген. Өнім шығарудың физикалық көлем индексі 85,7% құрады. Қаланың қайта өңдеуші кәсіпорындарының жүктемесі шамамен 63% құрайды. Негізгі бағыттар бойынша жүктеме келесідей: ет тобы – 90%, сүт тобы – 60%, май-тоң май тобы – 48%, жеміс-көкөніс тобы – 52%.
Қуаттардың толық жүктелмеуінің негізгі себептері ретінде шикізат тапшылығы мен рубльдің девальвациясына байланысты ресейлік өндірушілер тарапынан туындайтын жоғары бәсекелестік аталып өтті. Жалпы, қайта өңдеуші өнеркәсіпке қажетті шикізат елдің солтүстік және оңтүстік аймақтарынан жеткізілімдер есебінен толық қамтамасыз етіледі.