Вход

В Казахстане реорганизовали Фонд проблемных кредитов

06 декабря 2018 00:00
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қарашадағы қаулысымен «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамы (ПҚҚ) «Активтерді оңалту және басқару жөніндегі компаниясы» акционерлік қоғамын (АБЖК) қосу арқылы қайта ұйымдастырылды. Бұл шешім Қаржы министрлігіне қарасты ұйымдардың қызметін оңтайландыруға және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономикадағы мемлекеттің қатысуын азайтуға бағытталған. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде қайта ұйымдастырудың негізгі мақсаты біртектес активтерді біріктіру, қайталанатын функцияларды жою, шығындарды азайту және ресурстарды шоғырландыру есебінен қызмет көрсету сапасын арттыру екенін атап өтті. Біріктіру нәтижесінде, жаңартылған Проблемалық кредиттер қоры елдің қаржы жүйесін сауықтыруға баса назар аударатын болады. Оның негізгі міндеттері екінші деңгейлі банктерден және бұрын банк болған заңды тұлғалардан «улы» активтерді сатып алу, сондай-ақ оларды экономикалық айналымға қайта қосу болып табылады. Бұдан бөлек, Қор бюджеттік кредиттерді, мемлекеттік кепілдіктерді орындау аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты өндіріп алу бойынша сенімхатты агент функцияларын атқарады. Сондай-ақ, ПҚҚ салықтық және кедендік төлемдер бойынша берешекті өтеу есебіне алынған мүлікті сату бойынша салық агенті болады. Спикер атап өткендей, Қор банк жүйесіндегі несие портфелінің сапасын жақсарту мақсатында бірқатар ірі мәмілелерді жүзеге асырды. Атап айтқанда, еліміздің қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 2017 жылдың шілдесінде Қор БТА Банктің активтерін 2,6 трлн теңгеге сатып алды. Қордан алынған қаражатты БТА Банк Қазкоммерцбанк алдындағы ақшалай міндеттемелерін өтеуге бағыттады. Мәміле нәтижесінде жалпы сомасы 5,5 трлн теңгеге талап ету құқығы және 772 млрд теңгеге мүлік, негізінен жер учаскелері мен АО Estate Management Company, ТОО Kazkom Realty және АО Аль Сакр Финанс сияқты еншілес ұйымдар түрінде алынды. Шолпанқұловтың айтуынша, осы шаралардың арқасында халықтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттік компаниялардың жалпы сомасы 4,5 трлн теңгеден астам депозиттері, сондай-ақ банктегі 6 600-ден астам жұмыс орны сақталды. Банктің сауықтырылуы 361 млрд теңге сомасындағы банктің сыртқы міндеттемелері (еурооблигациялар) бойынша дефолтты болдырмауға мүмкіндік берді. Вице-министр мұндай ірі жүйеқұраушы банкті сауықтыру бүкіл банк секторының тұрақтылығын сақтауда шешуші рөл атқарғанын атап өтті. Ол мұндай ірі банктің банкроттығы басқа банктерден депозиттердің жаппай кетуіне әкеп соғатынын, олардың жалпы сомасы банкті сауықтыру кезінде шамамен 17 трлн теңгені құрағанын түсіндірді. Кейбір банктердің салымшылардың қаражатын қайтара алмауы олардың банкроттығына және халық пен мемлекет қаражатының жоғалуына әкелуі мүмкін еді. Цеснабанкпен жасалған мәмілеге қатысты Шолпанқұлов агроөнеркәсіптік кешенді сауықтыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау аясында агроөнеркәсіптік кешен қарыз алушыларынан 450 млрд теңге сомасында талап ету құқығы сатып алынғанын хабарлады. Бұл шешім өндірістің төмен рентабельділігі мен ауыл шаруашылығы еңбегінің маусымдылығымен байланысты саланың ерекшелігін ескере отырып, қабылданды. Қордың жоспарында – сатып алынған активтерді экономикалық айналымға белсенді тарту. Ол үшін қарыз алушыларды сауықтыру және олардың төлем қабілеттілігін қарызды қайта құрылымдау арқылы қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Сатып алынған активтер мен жер учаскелерінің нарықтық құнын арттыру мақсатында ПҚҚ инвесторлармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
Источник